«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН ШЕЖІРЕЛІК АҢЫЗДАР КІШІ ЖҮЗ РУ-ТАЙПАЛАРЫНЫҢ АҢЫЗДАРЫ І. БАЙҰЛЫ 238. Байұлы Байұлы жеті жасар күнінде ел көшіп, көп балалар біреу тайына, біреу атына мінгенде бір бала жыламсырап, қарап тұрып қалды. Мұны көріп, Байұлы қасына барып: – Сен неге атыңа мінбейсің? –деді. Бала қамығып: – Атым жоқ, көшкенде әжеммен түйеге мінуші едім, – деді. Содан Байұлы аттан түсіп, жаяу әкесіне барып: – Мен атқа мінгенде ер-тоқымымен маған бір жорға тай атап едіңіз, сол тайымды біреуге берсем, сіз ұрыспайсыз ба? – деді. Әкесі: – Кімге бересің? – деді. Бала қысылыңқырап тұрып, жаяу жылап тұрған жарлының баласын көрсетті. Бұған әкесі де түсініп, бетінен сүйіп: «Тайыңды кімге берсең де өз еркіңде», – деді. Сонан соң Байұлы қуанып, тайды ерттетіп, манағы балаға әкеп беріп, қасына ертіп алды, шауып көп балаға қосылды. Сол уақытта бір ақсақал, жақсы кісі қонақ болып жатыр екен. Байұлының әлгі мырзалығын көріп, разы болып, сыртынан бата берді: «Ей, Құдайым, бұл балаға ұзақ жас бер, мал мен бас бер!» – деп. Сол кісінің батасы қабыл болып, ақырында Байұлынан он екі ұл туып, бәрі де асқан бай, руға бас болды. Он екі ата Байұлы деген ру содан болды деседі. 239. “Он екі ата Байұлы” атануы Қыдырқожа өте асқан бай болады. Малы мен басы тең өседі. Баласы – он екі, малы жерге симайды. Байдың жанында жүрген кедейлер, сондай-ақ оның отын-суын, қора-қопысын істеп жүрген жалшылар, байдың балаларын мадақтап: “Бай баласы”, “Байдың ұлы” деп жағына сөйлеп, қолпаштауынан келіп шығады. Байдың балалары да: “Сері”, “Мырза” дегенді жек көрмейді. Қайта масаттанып: “Біздер бай баласы, байдың ұлдарымыз”, – деп көтеріле сөйлейді. Міне, осыдан келіп “Байұлы”, “Байбаласы” деген сөз өмірге келіп, оған 12 баланың саны қосылып, “Он екі ата Байұлы” болып атанып кетеді. Он екі ата Байұлы осылайша атанған деп шежіреші қариялар сөзін шегелейді. 240. Кіші жүз руларының Нәдірқожа мен Қыдырқожадан тарауы Нәдірқожадан бел бала болмай, жеті бала да киімшең келген екен. Сол себепті бұл балаларды «Жеті ру» атапты. Қыдырқожа ағайын ішіңде бай болыпты. Қысырақтың бір үйірін сұлтанға, бір үйірін ханға соғымға беріп тұрған. Сондықтан мұның өрнен-жараны «Байұлы» атаныпты. Қыдырқожада төрт әйел болған екен. Бірінші әйелі Жанбикеден бала болмапты. Екінші әйелі – Күңіш, одан Ану туған. Бірақ Ану өліп кеткен. Үшінші әйелі Тотан үш ұл туған: Сұлтансиық, Қыдырсиық, Бақытсиық. Төртінші әйелі – Айжан сұлу, кейде Анай сұлу деп те атайды. Қыдырқожа Орта жүздегі Арғын Құба бидің Айжан сұлу деген қызын алмақ болып, құда түседі. «Бір қыз емес, үш қыз беремін, бұған ханның құдіреті жетер ме екен?» – депті би. Осы Айжан сұлудан Беріш туған. Адай Қыдырқожаның қызынан туыпты. Тоқтамыс ханды жау шауыпты, сол кезде Алтай Тоқтамыс жақтан қашып келіп, Қыдырқожаны паналапты. Осы Елтай байдың қызымен ойнап қойған. Адай қыздың баласы деседі. Таз – Қыдырқожаның күңінен туған. Күңнің аты – Моншақты. Қара күң екен дейді. Есентемірдің шын аты – Темір, Ұлы жүзден кісі өлтіріп қашып келген де, Қыдырқожаны паналаған. Байдың жылқысын бір жұттан аман-есен алып шыққандықтан Қыдырқожа оны «Есентемір» деп атап кетіпті. Қыдырқожаның етек-жеңін жаппай жүретін ноғай қызы – күңнен туған баланың атын «Алтын» қойған. Қыдырқожаның күңі мен құлынан туған баланың атын «Жаппас» қойыпты. Алтын қыз бала болса керек. Жасырақ кезінде өліп қалған. Осы Алтын аты -руы аты «Жаппаспен» қабаттасып, «Алтын – Жаппас» болып та аталады. ІІ. ШЕРКЕШ РУЫ 241. Зылиха – Қаракемпір Бірде Әлімнің ел қамымен жүрген жақсы-жайсаңы жолаушылап келе жатып Сағыз бойында отырған Дербіс батырдың үйіне тап болыпты. Дербіс батырдың өзі үйде жоқ екен, сыйлы қонақтарға жақын жерден алдыра қоятын малдың реті болмай, Зылиха сол жерде күйеуі Дербіс батырдың жауға мінетін екі атының бірін сойып, қонақтарды құрметтеп аттандырыпты. Әлімнің жақсы-жайсаңы былай шыққан соң: “Апыр-ай, Дербістің құты үйіндегі Қаракемпірі екен ғой!” – деп таң-тамаша болысыпты. Содан, Дербіс батыр үйіне келеді. Бәйбішесі Зылиха: “Әлімнің алты жақсысы келіп еді, ақтабан атыңды сойып құрмет көрсеттім”, – депті. Сонда, Дербіс батыр “Әлімнің алты жақсысына құрмет көрсеттім дегенше, мені алпыс жауымнан құтқардым десейші!” – деген екен. 242. Қаракемпір- Шеркеш ...Бір байдың қызына қаншама құдалар түсіп, айттырыла тұрса да, келісімін бермей қала береді екен. Әкесі қызының бұл қылығына ренжи тұрса да, көңілін қалдырмай: – Өз сүйгеніңмен кет, қалың мал сұрамай-ақ қояйын, – дейді. Осыны естіген Дербістің әкесі баласына: – Сен барып осы қызға жолығып көрсеңші! – деп кеңес береді. Дербіс қыздың аулына келіп түскенде, бұрын қанша қонақ келсе де бұтын жимай көсіліп отыра беретін Зылиха ұшып тұрып, тамақ дайындау қамына кіріседі. Сонда жеңгесі: “Саған не боп кетті?” – деп таңданса керек. Осы қыз ұзатылып кетіп, Дербістің аулында өтілген тойға қатыса алмаған бір ағайыны тойдан оралған балаларынан: – Жеңгелерің ұнады ма, қалай екен? – деп сұраса, олар жарыса: – Ой, несін сұрайсыз, әке, отыр ғой бір қара кемпір! – депті. Бір күндері әлгі тойға келе алмаған адам Дербістің үйіне келіп, үй сыртынан: – Әй, Дербіс, бармысың үйде, сөйлесейін деп едім, десе: – Дербіс үйде жоқ еді, аң қағуға кеткен. Түсіңіз, үйде қара кемпір бар, – деген әйел дауысы естіледі. Бұдан кейін осы атау бүкіл елге жайылып, бертін келе рудың аты «Қаракемпір» атанып кеткен деседі. 243. Шеркеш ұрпақтары туралы аңыздар Шағырай, Шенеш, Шеркеш – үшеуі бірге туған ағайындар болса керек. Шағырай батыр болыпты, үйленбеген жас жігіт кезінде жаугершілікте елі мен жері үшін соғысып жүріп, мерт болады. Артында тұқым жоқ болса да, аты ұмытылмасын деп, Шағырайдың атын ұранға шығарады. Исі Шеркештің ұранының “Шағырай” болуы содан. Шенеш жасы жетіп қайтыс боларында, Шеркешті шақырып: “Менің бес балам саған аманат, көз болып жүр!” – деп тапсырыпты. Шенештің бес баласы именшектеу болып өседі. Шеркештің балалары олардан жастау болса керек. Шеркешке мал біткен, дәулетті адам болыпты. «Батыр аңқау, ер әңгүдік» деген бар емес пе, бірде Шеркештің ауылының үстімен құлан үйірі өтеді. Түз тағысы көз алдарында құлдыраңдап бара жатқанын көріп шыдай алмай, ауылдың ат жалын тартып мінетіндері жапа-тармағай қуа жөнеледі. Сонда, Шенештің бір баласына ат жетпей қалып, желіде тұрған биені міне шабады ғой. Ол көк бие Шеркештің малының басы екен. Құланды қуып жүргенде сол көк бие зорығып өледі. Сонда, Шеркеш: “Әй, қырылғырлар-ай, он қос жылқыдан мінетін ат таппадыңдар ма, малымның құтынан айырдыңдар-ау!” – деп налыпты дейді. “Ата қарғысы – оқ” деген, содан көп кешікпей елге жау шауып, соғысқа аттанған Шенештің бес баласы бірдей опат болады. Бұл хабарды естігенде Шеркеш: “Ағамның бес баласын өзім қарғап өлтірдім-ау, есіл бауырым-ай, тұқымсыз қалдың-ай!” – деп күйзелген екен дейді. Арада біраз уақыт өткенде Шеркештің бәйбішесі қуанышты хабар айтады: “Тұр, басыңды көтер, қайғырма, ағаңнан тұқым қалды, бір келіннің аяғы ауыр екен!” – дейді. Айтқанындай, айы-күні жетіп, Шенештің келіні арыстай егіз ұл табады. Олардың бірінің атын – Қосым, екіншісінің атын Досым қояды. Осыдан кейін Шеркеш басқа келіндеріне әмеңгерлеріне қосыла беруге рұқсатын береді. Қосым мен Досым ержеткен соң Шеркеш: «Қосым мен Досым бөлек қос болсын!» – деп, еншісін бөліп, бөлек ауыл етіп шығарады. Бөлек шығарарда дәстүр бойынша боз биені сойып, бірлік-пәтуа үшін бармақтарын қанға батырғанда, Шеркеш тұріп: “Қосым аға баласы, жолы үлкен. Бұдан былай менің алпыстағы ұрпағым Қосымның алтыдағы ұрпағына сәлем беретін болсын! Бес Шеркештің ағасы Қосым болсын!” – деп өсиет етеді. Күні бүгінге дейін жөн білетін Шеркеш баласы бұл өсиетті бұзған емес... Шеркеш ішіндегі Қылыш–Кестен атасынан өрбіген Балпық деген кісінің алты бірдей баласы жау қолынан қаза табады. Балпық сол кезде сексенде екен. Бала күйігі оңай ма, өзі қол бастап барып, қалмақ елін шабады. Сонда жау елінде тұтқын болып жүрген бір бала кезігеді де: “Ата, мен қазақпын, жау қолында қалдырмай, елге ала кетіңізші!” – деп шырылдайды. Балпық баланы елге алып келіп, қолына асықты жілік ұстатып, бәйбішесінің омырауын иіскетіп, өзіне бала етіп алады. Сонсоң, Қылыш–Кестен әулетіне тілекші болсыншы деп, атын “Тілекші” қояды. Шеркеш ішіндегі Қылыш–Кестен–Тілекші аталарының жай-жапсары осындай. Қазір баяғы жау қолында кететін бала Досымның ұрпағы тілекшілер екеніне бірде-бір Шеркеш күмәнданбайды. Қосымнан Мырза, Шора туады. Шора туғанда, көргендер таң қалыпты дейді: “Ана құрсағына осындай ұзын бала да сияды екен ғой!” – деп. Бала құрсақта екі бүктетіліп емес, үш оралып жатқан ғой. Содан, оның әуелгі аты “Үшора” болады, жүре келе “Шора” болып кетеді. Шора өсе келе бойы мейлінше ұзын болып, жеңгелері оны: “Қатыңқы қара” дейді екен. Сол атау алдымен “Кәтеңке” болып, бара-бара “Кәтеней” атанып кетеді. Шеркеш ішіндегі «Кәтенай» атанып жүрген ру – сол Шораның ұрпақтары.