ТАБЫСҚА ЖЕТУДІҢ ҚҰПИЯСЫ Белгілі журналист, «Айтуға оңай» ток-шоуының жүргізушісі Бейсен Құранбек «Ұлы дала баласы» жобасы бойынша Атырауға келген болатын. Сол сәтті пайдаланып, «Жүректен жүрекке» қорымен бірге арнайы жастар үшін «Жақсы жұмысқа орналасудың қыр-сыры» атты семинар-тренинг ұйымдастырған едік. Бейсен Құранбек өткізеді деген соң, «Бейсен баламды көргіміз келеді» деп зейнеткер апаларымыз да хабарласып жатты. Ағамыз да ешкімнің меселін қайтармады. Соған қарамастан, бүтіндей бір аудиторияны тыңдата білген Бейсен Құранбектің тренингінен үлкендер мен кішілер де ерекше әсермен тарасты. Ендеше, біз сіздерге семинар-тренингте айтылған кеңестермен қысқаша ғана бөліссек дейміз. Егер жақсы жұмысқа орналасамын десеңіз... Егер сіздер жақсы жұмысқа орналасамын десеңіздер, ең бірінші өз мамандықтарыңызды жақсылап меңгеріп алыңыздар. Он жылдан кейін өз істеріңізді бастасаңыздар мархаббат. Мәселен, журналист болсаң, болашақ журналистерді даярлау орталығын аш. Ағылшын тілін меңгерсеңіз де дәл солай. Бірақ, бір ескерту: бірден үлкен орталықтан бастамаңыз. Әуелі көршінің балаларын түгелдей жинап алыңыз. Әрі кетсе, он немесе жиырма бала. Бір ай тегін оқытыңыз. Болды. Әрі қарай адамдар сізді өздері іздей бастайды. Барлығымыздың жіберетін бір ғана қателігіміз - біз қанша жерден білімді, мықты маман болсақ та, бірден табысқа жеткіміз келіп тұрады. Сіз өз-өзіңізді көрсете алмайынша, ешқашан табысты бола алмайсыз. Мықты дизайнер болғың келе ме? Онда өзің әуелі іздеп жүріп, белгілі бір кештерге немесе компанияларға арнайы афиша жасап бер. Бірақ, бастапқыда тегін жаса. Кейін олар өздері сенен айырылмай қояды. Сонда ғана өз кәсібіңнен өзің рахат көретін боласың. Мәселен, қазір «Айтуға оңайға» мықты редакторлар мен режиссерлер қажет. Маған бағдарламаңызды қатырып жасап беріңізші, мен сізден ешқашан айырылмаймын. Сол еңбегі үшін мен оған жалақыны артығымен төлейтін боламын. Әрі елдің бәрі «Бейсенде керемет мықты жігіт бар екен» деп, аузынан тастамай айтып жүретін болады. Мені боқтап жіберуіңізге де болады. Тек... Табысқа жетудің тағы бір жолы – адамдармен тіл табыса білу. Ол жағымпаздық емес. Мәселен, мен адамның бәрін бауыр көріп, жақын тарттым. Алматы облысы, Талдықорған қаласында «Жетісу» деген телеарна бар. Сол телеарнада 5 жыл директор болдым. 5 жылдан кейін өз еркіммен ол жерден кеткен кезде, еден жуушыға дейін қызметкерлерім жібергісі келмеді. Ақырында араға екі жыл салып, ол қызметіме де қайтып келдім. Мен кете алмайтынымды түсіндім. Қазір сол телеарнаны дамыту үшін біраз жұмыстарды жасап жатырмыз. Сенесіздер ме, мен кейде жұмысқа қандай қызметкер алынып жатырғанын да білмеймін. Қызметкерлерімнің де менің есігімді соғып кіруі шарт емес. Олардың жұмысқа нешеде келіп, нешеде кетіп жүргені де маңызды емес. Маған тек бір ғана нәрсе керек. Әркім өзінің нәтижесіне жауап берсе болды. Мәселен, сіз жаңалыққа жауаптысыз ба? Ендеше, сіз маған жұмыс нәтижеңізді тиянақты етіп әкеліп беріңіз. Болды, мен сізді ары қарай мазаңызды алмаймын. Тіпті, сіздің менімен бірге барып қыдыруыңызға, менімен бірге футбол ойнауыңызға, тіпті маған «допты неге жөнді теппейсің» деп боқтап жіберуіңізге болады. Ол үшін мен сізге түк те ренжімеймін. Бос ысырапшылдыққа жол бермеу керек Қазір көп адамның проблемасы ақшаға келіп тіреліп жатады. Ал, шын мәнінде ақша табу – дүниедегі ең оңай шаруа. Егер сіздер сүйікті істеріңізбен айналыссаңыздар, ақша өздігінен келе береді. Қарапайым, үйден мәнті түйіп сатсаңыз да, ол да ақша. Тек ерінбеулеріңіз керек. Жалқаулықты тастап, өз қабілеттеріңізді іске асырсаңыздар ғана, ақша табудың жолдары ашыла бастайды. Ал, сіздер ақша туралы ойға байланып қалсаңыздар, онда ол мәселе өмір бойы шешімін таппауы мүмкін. Бәлкім ақшаны құрметтеу керек шығар. Бірақ жақсы көрмеу керек. Тағы бір нәрсе бос ысырапшылдыққа құмар болмау керек. Мәселен, қазір бірнеше машина ала алатын жағдайым бар. Бірақ, менде көлік жоқ десе сенесіздер ме? Шынымен де көлігім жоқ. Джип мініп те көрмеппін. Алайда, мен джип мінетін ақшама қарапайым бір-екі көлік сатып алып,ол көлікке жүргізушілер жалдап қойдым. Өйткені, ондай ысырапшылдыққа жол бермей, бір-екі отбасын болса да жұмыспен қамтамасыз еткім келді. Былтыр жұмысқа жақын үй алғым келіп, Алматыдан үй қарадым. Айналамдағы адамдардың көбі бір қабатты үйде тұрады екен. Сол жерден қос қабатты үй алуыма болар еді. Бірақ көршілерімнен биік тұрғым келмеді. Олардың төбесінен қарап тұрсам, ол тәкаппарлық болар еді. Менің жеті атам туралы Жұмыста менің 7 атам бар. Ол кімдер дейсіздер ғой? Бірінші атам - Бауыржан Момышұлы. Баукең өзіне ұнамаса да, шындықты айтып кетті. Ал, біз олай ете алмаймыз. Өйткені, өзімізді жақсы көрсеткіміз келеді. Бауыржан ештеңе ойламады. Тек шындықты ғана қолдады. Сол үшін де халық Бауыржанды батыр санады. Мен жұмыста тек шындықты айтуды талап етемін. Шындықты айтпасақ, жұмыс ешқашан алға баспайды. Мәселен, бір қызметкеріме тапсырма беремін. Ол қызметкерім маған «орындадым» дейді. Шын мәнінде ол орындамаған. Не болады? Әрине, ұят болады. Әсіресе телевизия саласында өтірік айтуға мүлде болмайды. Өйткені, сен бір адамды емес, тұтас бір халықты алдағанмен тең боласың. Ал, көрермен мұны ешқашан кешірмейді. Біз Бауыржанның екі қасиетін аламыз. Екінші қасиеті, батылдылық. Мейлі батыр болмай-ақ қой. Соғыс ешқашан болмасын. Бірақ, батыл бол. Жұмысты істесең қорықпа, қорықсаң – істеме! Екінші атамыз – Дінмұхаммед Қонаев. Қонаев бірнеше жыл ел басқарса да, ол адамгершілік қасиеті мен кішіпейілділігін биік ұстады. Тіпті, ол кабинетінде отырса да, есіктен жас бала кіріп келсе орынынан тұрып, өзі барып сәлем береді екен. Өмірінде араласқан адамдардың атын ұмытпай, қолынан келсе көмектесіп жіберетін көрінеді. Осыған байланысты жұмыста әріптестеріме бізге келген әрбір кейіпкердің тағдыры біз үшін өте маңызды болуы керек деп айтып отырамын. Қолымыздан келсе, біз де көмектесіп жіберуіміз керек. Жақында ғана «Ардагерлер» туралы хабар түсірген едік. Бір ата мен апамыз келді. Бірақ, атамыз сонша ашуланып, айғайлап жатыр екен. Жастар да қызба мінез ғой, біздікілер де «қайтсаңыз қайта беріңіз» деп ренжіп жатыр екен. Дереу көре салған бойда, жанына жетіп барып, «Ата, бекер келмедіңіз ғой. Келіңіз, түсіп кетіңізші осы бағдарламаға» деп жалынып, ақыры көндірдік. Қасында 70-ке келген апамыз да бар екен. Екеуін студияға алып келіп, бағдарлама жасадық. Сол бағдарлама арқылы ардагер атамыздың өнертапқыш, ал апамыз химиядан 100-ге жуық олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеген ұстаз екенін білдік. Ақыр соңында апамыз да, атамыз да риза болып, алғысын айтып кетті. Егер біз білместікпен қателік жіберіп, ол кісілер қайтып кетсе, көңілдерінде үлкен дақ қалар еді. Үшінші атам - Томас Эдисон. Томас Эдисон – шамды ойлап тапқан ғалым. Ол жарықты ойлап таппастан бұрын, халықты жинап алып, мен бүкіл ғимарат мен көшелерді жарық қылатын боламын деп уәде беріпті. Кейін бірнеше жыл өткеннен кейін оны бір адам көріп қалып, «Әлгі шаруаңыз не болды? Жасаймын деп уәде берген едіңіз, жасай алмадыңыз ғой» деп мұрынын шүйіре сұраған екен. Томас: «Оң мың рет тәжірибе жасадым, он мың рет сәтсіздікке ұшырадым. Бірақ, әлі жалғастырамын» деген екен. Жаңағы адам содан кейін, «қоя салсаңызшы одан да, бәрібір түк шықпайды ғой» десе, «Жоқ, қателесесің. Мен он мың рет қалай жасамау керек екенін білдім. Енді жақын қалдым» деген екен. Расымен де, жарты ай өткеннен кейін Томас жарықты ойлап тапты. Эдисонның бір сөзі бар: «Жұмысты жасар болсаң жаныңды сал немесе табандылықпен жаса» деді. Кейде жұмыстан сәл проблемалар шығып қалса, «Мен жарықты ойлап тапқан кезде бірнеше мәселелерді шеше білдім. Сен осыншама ұсақ мәселелердің шешімін таба алмайсың ба?» дейтіндей көрінеді. Сонда өз-өзімнен ұялып кетемін. Төртінші атам - Уолд Дисней. Егер мен бір бағдарламадағы кейіпкерлерді қайта-қайта шығара берсем, ел-жұрт мені көрмей қояр еді. Сол кезде Уолд Дисней: «Кешегідей жасама. Жаңаша бір нәрсе ойлап тап» дейді. Шығармашылық пен жаңашылдық болмай, сенің хабарыңды ешкім көрмейтін болады. Бесінші атам - Имманиул Кант. Кант дәл уақытымен жүретін адам болған. Ол таңертең үйінен шыққан кезде, көршілері сағаттың сегіз болғанын, үйіне келерде кешкі сегіз біліп отырады екен. Біздің жұмыста 5 секунд уақыттың өзі маңызды. Мүмкін басқа жұмыста ол маңызды болмауы мүмкін. Бірақ журналистикада уақытты бағалай білу керек. Алтыншы атам- Уильям Френд. Уильям Френд «Ең басты мәселелеріңді бітірмей, басқа мәселелерге басыңды ауыртпа» дейді. Себебі, ұсақ-түйек мәселелер бәрібір шешімін табады. Соған орай, мен де ақ қағазға айдың басты мәселелерін, аптаның басты мәселелерін тізіп жазып қоямын. Оларды орындамай, басқа нәрсеге басымды қатырмаймын. Жетінші атам-Роман Гарсия. XIX ғасырдың аяғында Испания мен Америка соғысып жатады. Президент Маккенли Роман атты офицеріне Кувадағы революционерге маңызды хат апаруды тапсырады. Роман: «ол жақта соғыс болып жатыр ғой. Қалай апарамын?» деп бас қатырмайды. Он күн дегенде барып, әлгі хатты тапсырып, аман-есен елге қайтады. Бізге осындай журналистер қажет. Бұл жағынан мен өз қызметкерлеріме ризамын. Себебі, мен оларға қазір «Президенттің нөмерін тауып беріңдер» десем, олар маған 5 минуттан кейін тауып әкеліп береді. Сонымен қоса, олар «қалай аламын, қайдан аламын» деп бас қатырмайды. Мен оған сенемін. Тек əріптестеріме емес, сіздерге де осы секілді ғалымдардың жолымен жүруге кеңес беремін. Мінекей, менің жұмыстағы жеті атам осылар. Жетеуінің де портретін жұмысқа ілдіртіп қойғанмын. Егер мен сəл ғана қате қадам бассам, олар маған қабағын түйіп қарап тұратын сияқты. Төрт кедергіден арылуымыз қажет Ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіп адамның ақыл-ойын билеп алған 3 кедергі түрін көрсетіп кеткен екен. Төртінші кедергіні өзім қостым. Ендеше, бірінші кедергіге көштік. Бірінші кедергі - адамның желкесінде тұрады. Оны кері тартпалық дейді. Мәселен, Мұратбек бір кездері отырып: «Осы мен жалқаулықты қойып, одан да барып ағылшын тілін үйреніп алсам қалай болады» деп ойлайды. Бірақ, желкесі: «Мұратбек, қайтесің. Ағылшын оқымай-ақ та адамдар нан тауып жүр ғой. Кейінірек оқи жатарсың» деп ұстап қалады. Сол адамның желкесінен қырық адам ұстап отырады екен дейді Мәшһүр Жүсіп. Содан кейін әрине, түк істей алмай қаласың. Екінші кедергі - жалқаулық. Ол құйрықта болады екен. Мәселен, қолына телефонды ал да әлеуметтік желілерде отырып көрші. Тұрғызбай қояды ғой, солай ма? Жұмысың көп екенін білесің. Бірақ телефоннан шыға алмай қаласың. Үшінші кедергі - ұйқышылдық. Бұл дегеніміз күніне 8-9 сағат ұйықтау емес. Кейбір адамдар болады, үнемі бір нәрсені ойлап, уайымдап жүреді. Бір нәрсе жасауым керек еді деп, құр қиялмен бір шетте ұйықтап жүреді. Кейін бұндай жандардың ұйқыдан оянуы қиын болады. Төртінші кедергі қорқақтық. Бәлкім, араларыңыздада кері тартпайтын, жалқау емес, ұйықтап та жүрмейтін адамдар бар шығар. Бірақ, бір нәрсе бастарда қорқақтығы ұстап қалулары мүмкін Ол да бірінші кедергі сияқты жібермей қояды. Сондыктан,бұл кедергілердің барлығынан құтылуы үшін адам өз-өзіне белгілі бір дәрежеде шектеу қойып отыруы керек. Компьютерге отырасың ба? 30 минут отыр да, ары қарай өз жұмысыңды жалғастыр. Алдыңа мақсат қой да, жоспар құр. Сол жоспармен әрекет ет. Мәселен, мен өзім қағазға жоспарымды жазып, сол жоспармен жүремін. Ол жоспарымды орындамайынша, мен басқа нәрсеге көңіл бөле алмаймын. Сондықтан, сіздерге айтарым, адам жаны мен жүрегінің қожайыны болады. Бірақ, тәнің мен ерік-жігеріңнің қожайыны, ол - Өзің. Осы төрт кедергіден арылмайынша, сіздер ешқашан алға жылжи алмайсыздар.

Теги других блогов: продвижение SEO Google